Бұл сөздер дүниежүзілік стандарттар күніне арналған жолдаудың ұраны. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы жолдауында «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдылығы. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз», – деп атап айтты. Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ. Осы жұмыстарды ретке келтіруде «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамының алар орны өте зор. Бұл үшін заманауи зертханалар мен білікті мамандар бізде сақадай сай ғана емес, осы бағытта талай жылдан бері аянбай қызметтер атқарып жатқан бірден-бір ұжым. Қазақстан 1994 жылдан ИСО (Халықаралық ұйым) мүшесі. Елімізде тікелей қолдану мақсатында 9000 сериялы ИСО стандарттары ҚР СТ ИСО 9000 мемлекеттік белгісімен қабылданды. Аталмыш Халықаралық ұйым басшылары жыл сайын дүниежүзі халықтарына арналған Жолдауға қол қояды, жылдың ұраны белгіленеді. Келесі жыл «Халықаралық стандарттар және 4-ші өнеркәсіптік революция» ұранымен өтеді.

Соңғы кезде Қазақстан өзінің стандарттарын қарқынмен дайындау үстінде, біздің стандарттардың 70 проценттен астамы халықаралық стандарттармен үйлестірілген. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған еліміз стандарттау саласын дамытуға мүдделі. Осы мәселеге облысымызда өз үлесін қосатын ұжымдардың бірі – «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қостанай филиалы. Филиал қорында отыз мыңға тарта мемелекеттік, мемлекетаралық нормативтік құжаттар қоры бар.

Азық-түлікке, тамақ өнімдеріне, қоршаған ортаға, құрылыс материалдарына, жеңіл өнеркәсіп тауарларына, жиһазға және тағы басқаларға әділ баға беріп сараптайтын білікті де сауатты мамандарымыз өз жұмыстарын абыроймен атқаруда.

Бизнес өкілдеріне мақсаттары тек пайда таубу ғана емес, мемлекетпен, бізбен бірлесіп азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлау керектігін түсіндіруге тырысамыз.

Осы жексенбіде Дүниежүзілік стандарттау күні аталып өтіледі. Бұл мерекеге еліміздің барлық тұрғындарының қатысы бар деген сенімдемін. Ендеше бұл күн бәрімізге сапа мен салауаттылық, қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелсін. Дүниежүзілік стандарттау күні құтты болсын!


Мұхтар Сибанбаев,
«ҰССО» АҚ Қостанай филиалының жетекші маманы