Национальный центр экспертизы и сертификации - ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ КАТАЛОГТЫҚ ПАРАҒЫН ЭЛЕКТРОНДЫ ТІРКЕУ
Поделись ссылкой

Информирован - Вооружён!

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ КАТАЛОГТЫҚ ПАРАҒЫН ЭЛЕКТРОНДЫ ТІРКЕУ


Бүгінгі күні Қазақстанда оның ішінде Қостанай облысында өндіріліп жатқан отандық өнімдер құдайға шүкір, баршылық. Ал, сол өнімдер туралы тұтынушылар біле ме, олар туралы ақпараттар бар ма, бар болса қайдан алуға болады?


«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2012 жылдың шілдесінен бастап өмірімізге «өнімді каталогтау» түсінігі енді және Қазақстан аумағында тауар өндіретін өндірушілерге өнімді каталогтау міндетті болып саналады.


Өнімнің каталогтық парағы (ӨКП) – бұл құрамында өндірушінің реквизиттері, өнімнің атауы, стандарттау бойынша нормативтік құжаты, өнімнің негізгі сипаттамалары мен фотосуреті бар ақпараттық құжат. Осы құжат арқылы электрондық жүйе бойынша тұтынушының өзіне қажет өнімді үйден шықпай-ақ тауып алуына мүмкіндігі бар. ӨКП бетінде іздеген өнімнің бірнеше түрі, өндірушілері мен өнімнің сипаттамасы болғандықтан таңдап алу құқығы да өз еркіңізде.


Каталогтық парақ өндіруші үшін өте тиімді және тегін жарнама. Осыны тауар өндірушілердің көпшілігі түсіне бермейді және білмейді, сондықтан да электрондық тіркеуде жоқ. Электрондық тіркеуді Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің Қостанай облыстық департаменті жүзеге асырады. Өнімнің каталогтық парақтарын толтыру өкілетті органның www.memst.kz сайтында орналасқан ақпараттық жүйеде жүргізіледі.


Өнімнің каталогтық парағы ҚР СТ 1.11-2013 Ұлттық стандартының талаптарына сәйкес толтырылуға тиіс. Оны толтыруға біздің - «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» Қостанай филиалының мамандары да көмектесуге дайын. ӨКП тіркеу үшін өндіруші өнім туралы ақпараттарды қағазды және электронды тасығыштармен ұсынса болғаны. Жоғарыда аталған департамент өнім туралы ақпараттардың шынайылығына көз жеткізгеннен кейін оны тіркеу немесе тіркемеу туралы шешім қабылдап өндірушіні хабардар етеді.


Ақпаратпен қамтамасыз ету кез-келген кәсіпорын қызметін алға жылжытуға, оның заманауилығына, дамуы мен қарыштай түсуіне өзінің тиімді әсерін тигізетіні сөзсіз. Әсіресе, өндіріс басшыларына, конструкторларға, технологтарға таптырмайтын ақпараттық құрал. ӨКП бойынша елімізде өндіріліп жатқан отандық өнімдер мен бұйымдарға түрлі талдаулар, қорытындылар шығару мүмкіндігі арта түседі. Цифрлық жүйеге көшіп жатқан еліміздің азаматтары – өнім тұтынушылар сайтты ашып жіберіп қажетті ақпаратқа қанық болады.


Қазіргі таңда ел өнеркәсіптерінің барлық салалары бойынша бес мыңға жақын өнім түрлері туралы ақпарат ӨКП базасына тіркелген, ал Қостанай облысы бойынша бұл көрсеткіш – 441.


Облыстағы әртүрлі меншіктегі кәсіпорындардың санымен салыстырғанда бұл көрсеткіш көңілтоярлық емес. Цифрлық Қазақстан қадамынан қалып қойғысы келмейтіндер ойлану керек.


Мұхтар Сибанбаев,

«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ

Қостанай филиалының жетекші маманы