Біз көптеген кәсіпорындар өз өндірісінің қалдықтарын қоршаған ортаға шығаратын дамыған индустриялық орталықта өмір сүріп отырмыз. Бұл мәселені күн сайын көбейіп жатқан автокөлік саны одан әрі ушықтыра түсуде, сондықтан бүгінгі күні ауаның тазалығы мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы әрбір адам ойлануы тиіс, өйткені таза ауа бүкіл халықтың денсаулығына оң әсер етеді, ең бастысы – болашақ ұрпақтың денсаулығына да үлкен ықпал етеді.
Ешкімге құпия емес, негізгі зиян дәл автокөліктердің улы пайдаланылған шығарындыларынан келеді.
Бөлінетін зиянды қоспалардың сипаты қозғалтқыш түріне, олардың қуатына, жұмыс режиміне, тозу дәрежесіне, пайдалану және техникалық қызмет көрсету жағдайларына байланысты.Автокөліктердің пайдаланылған газдарының құрамындағы негізгі зиянды қоспаларға көміртек тотығы (көбінесе бензинді қозғалтқыштарға тән), азот оксидтері, әртүрлі көмірсутектер, соның ішінде канцерогенді 3,4-бензапирен, альдегидтер, күкірт диоксиді жатады.Бұдан бөлек, бензинді қозғалтқыштар қорғасын, хлор, бром қосылыстарын бөледі, ал дизельді қозғалтқыштар күйе мен қара түтін бөлшектерінің едәуір мөлшерін шығарады.1 кг жанармай жанған кезде қозғалтқыш ауаға мынадай заттарды шығарады: көміртек тотығы – 800 г, көмірсутектер – 90 г, азот оксидтері – 20 г, альдегидтер – 0,7 г, күкірт триоксиді – 0,6 г, қорғасын қосылыстары – 0,5 г, бензапирен – 0,001 г және басқа да заттар.Қоршаған орта үшін әсіресе автокөліктердің пайдаланылған газдарының құрамына кіретін қорғасын қосылыстары өте қауіпті (қорғасын қосылыстары бензинге антидетонациялық қоспа ретінде кеңінен қолданылып, оның октан санын арттыру үшін пайдаланылады).
Өнеркәсіп кәсіпорындарының атмосфераға шығаратын қалдықтары да экологияға теріс әсер етеді. Ластанудың ең үлкен үлесі қара және түсті металлургияға, цемент өнеркәсібіне, кокс өндірісіне, мұнай және химия өнеркәсібіне тиесілі. Бұл салалар біздің қалада негізгі өндіріс салаларының бірі болып табылады.Қалдықтармен бірге атмосфераға әртүрлі химиялық құрамдағы шаң, түтіндер (әсіресе металлургиялық кәсіпорындардағы қызғылт түсті темір оксидтері түтіні – «түлкі құйрықтары»), көміртек, күкірт, фтор, азот, хлор қосылыстары және тағы басқа заттар таралады.Атмосфераны ластайтын зиянды заттардың көп мөлшері жылу электр орталықтарының қазандық қондырғыларынан да бөлінеді. Отын толық жанған кезде атмосфераға көмірқышқыл газы мен су буы бөлінеді. Алайда жану үдерісі көбінесе толық болмайды, сондықтан атмосфераға жанбай қалған отынның қатты бөлшектері, күл және зиянды газдардың көп мөлшері таралады.
Бұл, әрине, ең қолайлы ортаны қалыптастыру үшін зауыттарды жабу немесе автокөліктердің санын азайту керек дегенді білдірмейді. Керісінше, бүгін де, әрдайым да қаламыздың экологиясын жақсарту үшін белсенді қадамдар жасау қажет.
Қаланың кәсіпорындары мен автопарктері өндірістік цехтарда немесе техникалық қызмет көрсету станцияларында көміртек тотығы мен метанның мөлшерін анықтау үшін газталдағыштар мен қосымша құралдарды пайдаланады.Олардың дұрыс жұмыс істеуі мен дәл көрсеткіштері қоршаған ортаны қорғауға ықпал етеді, өйткені зиянды заттардың рұқсат етілген деңгейден артуы автокөліктердің отын жүйесін реттеуге және өнеркәсіп кәсіпорындарындағы технологиялық процестерді түзетуге әкеледі.
«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-ның Жамбыл филиалы білікті мамандарға және эталондық тексеру газ қоспаларына ие бола отырып, автокөліктердің пайдаланылған газдарында және өндірісте көміртек тотығы мен метанның мөлшерін анықтау үшін қолданылатын әртүрлі типтегі газталдағыштарды тексеруден өткізеді.
Жамбыл облысының аумағында әртүрлі газдардың концентрациясын өлшеудің кең ауқымына ие көптеген газ талдағыш түрлері қолданылады.
Өкінішке орай, қоршаған ауаның тазалығы мәселесі бірінші орында емес: қаланың көптеген автопарктері мен кәсіпорындары газталдағыштардың аралық тексеру кезеңін сақтамайды (газталдағыштың түрі мен қолданылу қарқатына байланысты аралық тексеру кезеңі 3 айдан 1 жылға дейін болады) және құралдарды тексеруге жүйесіз әкеледі, бұл өз кезегінде құралдың дұрыс жұмыс істеуіне теріс әсер етеді.
Осыдан мынадай қорытынды жасауға болады: жыл сайын ұйымдар бұл мәселеге жеткілікті назар аудармайды, соның салдарынан ең алдымен өздері – біздің гүлденген өлкеміздің барлық тұрғындары үшін қолайсыз жағдай тудырады, ең бастысы – болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді.
Таза ауа – бүгінгі күннің мәселесі
Ақпарат