Жедел медициналық жәрдем және реанимациялық шаралар тек дәрігерлердің іс- әрекеті мен манипуляцияларына ғана емес, сонымен бірге жарамды медициналық жабдықтарға да байланысты. Ауруханалардағы реанимациялық көліктер мен реанимациялық палаталар тәулігіне 24 сағат дұрыс және дәл жұмыс жасайтын қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жабдықталған. Мұндай жабдықтарға: дефибрилляторлар, электрокардиографтар, емделуші мониторы, пульсоксиметрлер, өкпені жасанды желдету аппараттары, наркоздық-тыныс алу аппараттары, нәрестелер үшін неонаталды үстелдер, инкубаторлар және т.б. жатады.
Адамның өмірі олардың дұрыс жұмыс жасауына және көрсеткіштерінің дәлдігіне байланысты. Дәлдігі мен қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету үшін медициналық жабдықтардың басым көпшілігі тексеруден өтуі керек.
«ҰлтССО» АҚ Қостанай филиалында ұқсас медициналық өлшеу құралдарын тексеруді қамтамасыз ететін дәлдігі жоғары эталондық жабдықтар бар. Атап айтқанда, дефибриллятормен берілетін қуаттылықты өлшеу үшін электродты алаңдар мен өлшеу қондырғылары арқылы жүрек дефибрилляциясы кезінде толықтай адам ағзасын ұқсататын «ИЭВИ-2 жоғары вольтты импульс энергиясын өлшеуіш» пайдаланылады.
Емделуші мониторлары эталонды құралдар кешенімен тексеріледі. Тамыр соғуы хабаршысына берілетін жүрек соғу жиілігін «МППО-2 тамыр соғу оксиметрлерін тексеруге арналған шама» береді.
Кардиограмманы өлшеудің дұрыстығын «Генератор Диатест-4» бақылап отырады. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен наркоздық-тыныс алу аппараттарын, қарқынды терапияға арналған желдеткіштерді тексеру үшін қазіргі кезде «Өкпе моделі пневматикалық электронды – МЛП-1Э пайдаланылады, ол адамның тыныс алу органдарының физикалық сипаттамаларын (созылу, пневматикалық қарсылық) ұқсатады және тыныс алу мөлшерін өлшеу үшін пайдаланылады. Емделушіге берілетін қоспадағы оттектің көлемді шоғырлануын бақылау үшін эталон ретінде «Оттек газ талдауышы – ГКМП» пайдаланылады.
Жедел жәрдем медициналық станциялары мен ауруханалар өз жабдықтарына сенімді болулары қажет, өйткені кейбір кезде адамның өмірі тек медициналық қызметкерлердің біліктілігіне ғана байланысты болмайды.
Медициналық қызметкерлер мен метрологтардың тығыз ынтымақтастығының арқасында ғана жедел медициналық жәрдем көрсетудің нәтижелері дұрыс және дәл болуына, ал кейінгі ем алу сапасы қазіргі талаптарға сай болуына қол жеткізуге болады.
Денсаулық сақтауда қолданылатын өлшеу құралдарын тексеру жай ғана шарттылық емес.
Реанимациялық шаралардың тез әрі сапалы өтуі және адам өмірінің қауіпті аймақтан шығуы өлшем дәлдігіне байланысты!
Клименко Е.С. – «ҰлтССО» АҚ Қостанай филиалының
электрлік және радиотехникалық ӨҚ секторының меңгерушісі