Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс берушілер еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізуге және оның жұмыс істеуін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті. Аталған талаптарды іске асыру мақсатында ұйымдар еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау саласындағы тәуекелдерді жүйелі түрде басқарудың тиімді құралы ретінде қарастырылатын ҚР СТ ISO 45001 стандартын кеңінен қолдануда.
Сонымен қатар стандартты енгізу тәжірибесі еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау менеджменті жүйесін қалыптастыру мен оның жұмыс істеуінің жекелеген кезеңдерінде бірқатар ұйымдастырушылық және әдіснамалық аспектілерге ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді.
Негізгі маңызды аспектілердің бірі – ҚР СТ ISO 45001 талаптарын ұйымның қолданыстағы басқару жүйесіне интеграциялауды қамтамасыз ету болып табылады. Еңбекті қорғау процестерінің негізгі басқарушылық және өндірістік процестермен жеткіліксіз өзара байланысы жүйенің нәтижелілігін төмендетіп, белгіленген мақсаттарға қол жеткізуді қиындатуы мүмкін.
Жоғары басшылықтың рөлі мен қатысу деңгейі де маңызды мәнге ие. Стандарт басшылықтың көшбасшылығына, барлық деңгейдегі басшылардың жеке қатысуына, еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау саласындағы саясатты қалыптастыруға, сондай-ақ жүйенің нәтижелілігін талдауға бағдарланған.
Қауіптерді дұрыс айқындау және кәсіби тәуекелдерді бағалау ерекше назар аударуды талап етеді. Жүйенің тиімділігі еңбек жағдайларын, технологиялық процестердегі өзгерістерді, сондай-ақ мердігерлік ұйымдардың қызметіне байланысты факторларды толық ескеруге тікелей байланысты.
Қызметкерлер мен олардың өкілдерінің қатысу тетіктерін дамыту жеке бағыт болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, қызметкерлерді қауіпті анықтау және еңбек жағдайларын жақсарту процестеріне тарту хабардарлық деңгейін арттыруға және өндірістік жарақаттанудың алдын алуға ықпал етеді.
ҚР СТ ISO 45001 стандартын енгізу барысында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қағидатты түрде маңызды болып табылады. Стандарт басқару құралы ретінде қолданылады және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы міндетті нормалар мен ережелерді алмастырмайды.
Жүйенің маңызды элементтерінің бірі – оның нәтижелілігін мониторингтеу, талдау және тұрақты жетілдіру болып табылады. Көрсеткіштерді айқындау, оларды тұрақты түрде талдау және қабылданатын шараларды түзету еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау менеджменті жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, ҚР СТ ISO 45001 стандартына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау менеджменті жүйесін енгізу Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарын міндетті түрде сақтай отырып, интеграцияға, профилактикаға және үздіксіз жетілдіруге бағытталған кешенді, әрі жүйелі тәсілді талап етеді.
