ISO сериялы стандарттар идеологиясына сәйкес, ішкі аудиттер ұйымдардың менеджмент жүйесінің жұмысын бағалаудың маңызды құралдарының бірі болуы керек. Жоғары басшылық тұрғысынан ішкі аудиттер процестердегі/құрылымдық бөлімшелердегі жағдай туралы объективті ақпараттың тәуелсіз көзі болуы қажет. Ішкі аудиттердің маңыздылығының дәлелі – оларды жүргізу рәсімі міндетті құжатталған рәсімдердің қатарына кіреді. Сонымен қатар, стандарттар ұйымның жоғары басшылығының аудит нәтижелерін тұтынушылардың қажеттіліктері немесе процестердің тиімділігі туралы мәліметтермен бірдей деңгейде талдауды талап етеді. Мұның бәрі ұйымдардан ішкі аудит әдістемесін әзірлеуге барынша жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Өкінішке орай, іс жүзінде ішкі аудиттер көбінесе жеке басшылық үшін емес, менеджмент жүйелерін сертификаттау жөніндегі орган үшін орындалатын рәсімге айналады.
Ішкі аудит (бірінші тараптың аудиті) – бұл ұйымдағы ішкі тексеру, олардың барабарлығы мен сәйкестігіне көз жеткізу мақсатында өздерінің менеджмент жүйесін, рәсімдері мен қызметін қадағалау. Бұл ұйымның қызметін өз қызметкерлерінің күшімен немесе үшінші тарап маманының қатысуымен бақылаудың бір түрі. Ішкі аудит рәсімі басшылыққа менеджмент жүйесінің ұлттық/халықаралық стандарттар талаптарына, заңнама талаптарына және ұйымның өзі белгілеген қосымша талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ішкі аудиттің мақсаты – менеджмент жүйесінің аудит критерийлеріне сәйкестігін бағалау және растау, тәуекелдерді анықтау және процестерді жетілдіру. Қазіргі жағдайдағы ішкі аудит бизнес-процестерді басқарудың тиімділігін арттыруға және ұйымдастыруға қатысты көптеген міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Ішкі бақылау құралы ретінде ішкі аудит әртүрлі бақылау шараларын жүзеге асыруға, ұйымның қызметіне жедел талдау жүргізуге, сондай-ақ оның саясатын және басқару шешімдерінің кешенін өзгерту нұсқаларын уақытында анықтауға және әзірлеуге көмектеседі. Менеджмент жүйелеріне аудит жүргізудің жалпыға бірдей танылған әлемдік тәжірибесі ISO 19011:2018 «Менеджмент жүйелеріне аудит жүргізу жөніндегі нұсқаулық» халықаралық стандартында сипатталған, ол ҚР СТ ISO 19011-2019 «Менеджмент жүйелеріне аудит жүргізу жөніндегі нұсқаулық» ұлттық стандартымен бірдей.
Ішкі аудитті кім жүргізеді?
Стандарт тексерушілер тізімін шектемейді. Ішкі аудитті компания ішінде құрылған ішкі аудит тобы да, сыртқы тәуелсіз аудиторлар да жүргізе алады. Көбінесе ірі ұйымдарда штаттық қызметкерлер қатарынан тұрақты әрекет ететін ішкі аудит тобы құрылады, олар қажет болған жағдайда өзгеруі мүмкін. Керісінше, шағын ұйымдар келісімшарт негізінде менеджмент жүйелері бойынша аудитор ретінде біліктілігі мен тәжірибесі бар сыртқы аудиторды қызметке тартады.
Сондықтан, ішкі аудитті жоспарлауды бастамас бұрын, ішкі аудиторлар тобын анықтап және құрып, және топ жетекшісін тағайындап, немесе сыртқы аудиторға бағалау жүргізіп және таңдау қажет.
Ішкі аудиттер әрбір процесс немесе рәсім, сондай-ақ әрбір бөлімше ұйым өзі анықтаған критерийлер бойынша жыл бойы тексерілетіндей етіп жоспарланады (мысалы, халықаралық стандарттардың талаптары, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары және т.б.).
Аудит жүргізу қағидаттарының бірі – тәуелсіздік қағидаты. Бұл аудитор тексерілетін қызметке жауапты болмауы керек немесе тексеру аймағына жауапты адамның қарамағында жұмыс істемеуі керек дегенді білдіреді.
Ішкі аудиторлар ішкі аудит жүргізу үшін қажетті білімге, дағдыларға және басқа да құзыреттерге ие болуы тиіс, атап айтқанда, олар тексеретін менеджмент жүйелеріне арналған стандарттарды, ҚР СТ ISO 19011-2019 бойынша аудит жүргізу тәртібіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ ішкі аудит жүргізу тәртібін сипаттайтын ұйымның ішкі стандартын білуі тиіс.
Сондай-ақ, ҚР СТ ISO 19011-2019 стандартына сәйкес ішкі аудиторлардың құзыреттілігін мерзімді бағалау жүргізілуі тиіс. Ұйым бағалау кезеңділігін де, әдістерін де, критерийлерін де өз бетінше белгілейді, бірақ бағалау нәтижелері ұйымда құжатталған ақпарат түрінде сақталуы керек.
Ұйымдарда ішкі аудиторлардың құзыреттілігін бағалаудың қандай әдістері мен критерийлерін қолдануға болады және оны кім жүзеге асырады?
Ұйымның ішкі аудиторларын бағалау үшін келесі әдістерді қолдануға болады:
- Білім және жұмыс тәжірибесі туралы деректерді талдау.
- Тексеру жүргізетін аудитормен тексеру жүргізуге тікелей қатысу.
- Тексеру есебін талдау.
- Аудиттелетін жөнінде пікірлер, сұхбат, қадағалау.
Бағалау критерийлері сандық болуы мүмкін (жұмыс тәжірибесі, жүргізілген тексерулер саны, тексеруге дайындық көлемі), және сапалы (жеке қасиеттерін, ұйымдастырушылық қабілеттерін, білімін көрсету және кәсіби дағдыларын көрсету), аудит барысында неғұрлым тәжірибелі аудитор немесе аудит жөніндегі топ жетекшісі бағалайды.
Айта кететін жағдай, ішкі аудиторлардың болуы, ішкі аудиттерді жүйелі жүргізу мемлекеттік құрылымдар мен инвесторлардың сенімін арттырады. Ішкі аудит ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған, мұндай тәсілді ескере отырып, қателіктерді, жауапкершіліктің проблемалық аймақтарын анықтауды ғана емес, сонымен қатар жағымсыз салдарды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеуді, басқарудың тиімділігін арттыруға және бизнес-процестерді оңтайландыруға бағытталған ұйымдастырушылық шараларды әзірлеуді қарастырады.
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ
Батыс Қазақстан филиалының
МЖСРжМ бөлімінің бастығы
Марина Анисимова
11.03.2025 ж